Тоқаев заңды тұлғалардың күмәнді табысты заңдастыруына қатысты жазаны күшейтуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент ЖИ мүмкіндігін пайдаланып, талдау-сараптау жұмысын күшейтуді тапсырды.

"Мен жақында "Құқық бұзушылық профилактикасы" туралы заңға қол қойдым. Бұл заңға сәйкес агенттік алғаш рет экономикалық қылмыстың алдын алумен айналысатын толыққанды құрылым ретінде көрсетілді. Осыған орай, қылмыстың алдын алуға қажет жаңа әрі тиімді шаралар қажет. Көп жағдайда келтірілген залалды өтеу мәселесі оң шешімін таппай жатады. Сол себепті қылмыстың салдарын емес, себебін анықтап, онымен күресу маңыздырақ. 2023 жылы шығын көлемі 325 миллиард теңгеге бағаланды. Оның 53 миллиард теңгесі немесе шамамен 16,5 пайызы қайтарылды; 2024 жылы шығын көлемі 4,4 триллион теңгеге бағаланды. Оның 236 миллиард теңгесі немесе 5,5 пайызы қайтарылды; 2025 жылы шығын көлемі 135 миллиард теңге болған, яғни айтарлықтай азайған. Оның 20 миллиард теңгесі немесе 15 пайызға жуығы қайтарылған. Алдын алу шаралары шын мәнінде тиімді болуы үшін цифрлық талдау тәсілдерін барынша дамытқан абзал. Агенттікке тиесілі ақпараттық жүйе ауқымды деректерді талдауға мүмкіндік береді. Сол арқылы бюджет қаржысын үнемдеуге болады. Осы ақпараттық жүйенің аясын кеңейте түсу қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев заңды тұлғалардың күмәнді табысты заңдастыруына қатысты жазаны күшейтуді тапсырды.

"Есірткі бизнесімен күресті күшейту қажет. Өкінішке қарай, қазір есірткі саудасынан түскен табысты тексеру жұмысының тиімділігі төмен. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту керек. Бұл қадам халықаралық стандарттарға толық сай келеді", – деді Мемлекет басшысы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!