Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент әкімшілігіне маңызды міндет жүктеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Президент Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі.
"Бұған дейін еліміздің ұлттық идеологиясына қатысты көптеген талқылау болғанын білесіздер. 1 шілдеде заңды күшіне енген Конституциямыз осы мәселенің нүктесін біржола қойды деп айтсақ, орынды болар. Конституцияда еліміздің өткені, бүгіні және келешектегі бейнесі айқын көрініс тапты. Конституция преамбуласында байырғы қазақ жерінде мемлекеттілігімізді нығайтып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтауға баса мән беретініміз нақты жазылды. Бұл – төл тарихымызға тағзым ету, бабалар аманатына адал болу деген сөз. Сонымен қатар, Негізгі заңда адам құқығы мен бостандығын қорғау, заң мен тәртіпті орнықтыру, бірлік пен ынтымақты сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекеттің мызғымас міндеті ретінде айқындалды. Біртұтас ұлт ретінде өскелең ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, осы Конституцияны қабылдадық. Сол арқылы болашағы жарқын, бағдары айқын Әділетті, Озық әрі Күшті Қазақстанның берік негізін қаладық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтарымыз Конституцияның ережелерін жақсы біліп, күнделікті өмірде қолданған сайын оның күші де, қуаты да арта түседі.
"Сол себепті мен Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын, жеке кітапханасынан орын алатын құжат болуға тиіс деп есептеймін. Біз Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтарды бүкіл ел болып дәріптеуіміз керек. Бірақ формализм мен науқаншылдықтан алшақ болғанымыз жөн, әйтпесе осы аса маңызды жұмысты құртып, халқымыздың алдында ұятқа қаламыз. Баяғы жартас сол жартас болып, қағазбастылық көзқарасынан құтыла алмасақ, еш ілгерілеу болмайды. Бұл жұмысты шын жүрегімізбен, ақ ниетімізбен атқармасақ, қажет нәтижеге жету өте қиын болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі - өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды.
"Осы саяси жұмысқа ілімі терең, тәжірибесі мол адамдарды шақыру керек, яғни заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту керек болады. Ал Президент әкімшілігінің міндеті – бұл жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру. Осы міндетті жүзеге асыруды вице-президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тіке баяндайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз