Мемлекет басшысы вице-президентті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент Ерлан Қариннің ішкі саясаттың басым бағыттарын жүзеге асыру, Президент тапсырмаларын орындау мен бастамаларын ілгерілету, соның ішінде бірінші шақырылған Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында және Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтылған міндеттерді іске асыру жөніндегі есебін тыңдады.
Вице-президент конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау, "Таза Қазақстан" жобасын жүзеге асыру, жаңа қоғамдық этика қалыптастыру, "Заң мен тәртіп" қағидатын ілгерілету, "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысына этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқығы мен мүддесін қамтамасыз ету, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру секілді ішкі саясаттың негізгі бағыттары жөнінде мәлімет берілді.
Кездесу соңында Президент конституциялық қағидаттар мен құндылықтар ұлттық болмыстың және қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс екенін айтып, бірқатар тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық, бірлік және азаматтардың жасампаз мақсаттар жолында жұдырықтай жұмылуы - елімізді қарқынды дамытудың маңызды алғышарттары.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!