Тоқаев Виктор Орбанды Қазақстанға шақырды

Тоқаев Виктор Орбанды Қазақстанға шақырды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестікке оң баға берді.

Ең алдымен энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді тиімді іске асыруға баса назар аударылды. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру үшін бірлескен жұмысты жалғастырудың маңызына ден қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан қазіргі жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасып, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге бейіл екендерін растады.

Әңгімелесу соңында Мемлекет басшысы Мажарстан премьер-министрін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лес
Logotype Massaget