- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көшпенділер ойыны
Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына атсалысқандарды марапаттады
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына атсалысқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері, олардың жаттықтырушылары, сондай-ақ халықаралық спорт шарасын ұйымдастыруға және өткізуге ерекше үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Атап айтқанда, 1 адам "Парасат" орденінің және 7 азамат "Құрмет" орденінің кавалері атанды. "Ерен еңбегі үшін" медалі – 85, ал "Шапағат" медалі – 5 адамға берілді.
Еске салайық, биыл 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Жер жаһанның 90-ға жуық мемлекетінен келген 2500-ге тарта спортшы бір аптаға жуық көшпенді халықтардың төл спортынан сынға түсіп, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Алты күнгі аламанда Ұлттық құрама спортшылары – 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы бетінен келген Канада мен Мексика өкілдері де бар.
Дүбірлі дода аясында төл күресімізден өткен жарысқа әлемнің 44 елінен 294 палуан бақ сынады. Бұл – қазақ күресінің дүниежүзі бойынша қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Жүлде алған елдер қатарында көрші мемлекеттерден бөлек, Еуропа палуандары да бар. Атап айтқанда, қазақ күресінен белдесулерде Италия, Польша, Мажарстан, Нидерланд спортшылары жүлдеге қол жеткізді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина