Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының Болгариядағы, Литвадағы және Албаниядағы елшілері тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Виктор Валерийұлы Темірбаев Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылды.
Темірбаев Виктор Валерийұлы - Қазақстанның Болгариядағы Елшісі
1967 жылы 16 шілдеде Павлодарда дүниеге келген. 1993 жылы Мәскеу электронды машина жасау институтын, 1999 жылы Ресей СІМ Дипломатиялық академиясын бітірді.
Еңбек жолын 1991 жылы "Қазақстан қаржы-өнеркәсіптік тобы" АҚ-да менеджер ретінде бастаған.
Өзінің дипломатиялық қызметін 1993 жылы ҚР СІМ Халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының референті лауазымынан бастаған. 1994 жылдың тамыз-қазан аралығында Мемлекеттік протокол басқармасының референті болды.
1994-1997 жылдары - Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігінде атташе, үшінші хатшы.
1999-2003 жылдары ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің екінші, бірінші хатшысы, кеңесшісі болып жұмыс істеді.
2003-2005 жылдары - Қазақстанның Израильдегі Елшілігінің бірінші хатшысы.
2005-2006 жылдары - ҚР СІМ Халықаралық ұйымдар және қауіпсіздік мәселелері департаментінің бөлім бастығы, Азия ынтымақтастығы департаментінің бөлім бастығы.
2006-2007 жылдары АӨСШК Хатшылығының саяси бөлімінің басшысы болды.
2007-2008 жылдары - "Қазына" ТДҚ АҚ өкілдігі басшысының орынбасары.
2009 жылы "Ұлттық инновациялық қор" АҚ Корпоративтік даму департаментінің директоры болып тағайындалды.
2013-2018 жылдары - Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің кеңесшісі, кеңесші-уәкілі.
Қазақстанның Болгариядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін Қазақстанның Литвадағы Елшісі болған.
ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.
Тимур Бейбітәліұлы Оразаев Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды.
Тимур Бейбітәліұлы Оразаев - Қазақстанның Литвадағы елшісі
1967 жылы 20 наурызда Ақтөбе облысының Шалқар қаласында дүниеге келген. Ақтөбе педагогикалық институтын ағылшын тілі оқытушысы мамандығы бойынша бітірген.
Өзінің дипломатиялық қызметін Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің референті ретінде бастады. 1994 жылдан 2003 жылға дейін Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде атташе, үшінші, екінші, бірінші хатшы болып жұмыс істеді. 2004 жылы ҚР СІМ ТМД істері комитетінің бөлім бастығы болып тағайындалды.
2004 жылдан 2008 жылға дейін Болгариядағы ҚР Уақытша сенімді өкілі болды.
2008 жылы ҚР СІМ ТМД департаментін басқарды. 2011 жылдан бастап ҚР СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі - Ауғанстанмен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі қызметін атқарды.
2016 жылдан 2021 жылға дейін - Қазақстанның Армениядағы Елшісі.
Қазақстанның Литвадағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2021 жылдың наурыз айынан бастап ҚР СІМ Ресей, Кавказ және ТМД еуропалық елдері департаментінің директоры болды.
I сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.
Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Оңалбекұлы Сәпиев Қазақстан Республикасының Албания Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!