Тоқаев Ұлытау облысының әкімін қабылдады

Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Берік Әбдіғалиұлы облыстың былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14 пайызға өсіп, 210,1 миллиард теңгеге жеткен. Осы ретте жеке инвестицияның үлесі 90 пайыз болды. Былтыр өңірде жалпы сомасы 10 миллиард теңге болатын 3 ірі жоба іске асырылды. Биыл кем дегенде 16 жобаны, оның ішінде өнеркәсіп және геология бағыттары бойынша 8, туризм және сауда салаларында 3, агроөнеркәсіп кешенінде 5 жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде өңірде 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл аграрлық салада құс фабрикасын, ет өңдеу кешенін салу, 3000 гектар аумақта картоп және көкөніс өсіретін фермерлік шаруашылықтарды іске қосу көзделіп отыр. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 3600 орындық 6 мектеп салынады. Оның біреуі биыл Жезқазан қаласында пайдалануға берілмек", - деді әкім.

Сонымен қатар, биыл іске қосылатын 10 спорт нысаны жайында баяндады.
     
"320 адамға арналған бассейні бар көпфункционалды спорт кешені, Жезқазған қаласында "Қазақмыс" корпорациясы "Намыс" СК балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы, Жезді және Жаңаарқа кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Қаражалда жабық бассейн, сондай-ақ ангар типті 5 ойын кешені салынады", - деді өңір әкімі.

Берік Әбдіғалиұлы облыстағы жылыту маусымының және жылумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы айтты.

"Инфрақұрылымды одан әрі дамытуға байланысты 2029 жылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында екінші жылу электр орталықтарының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл орталықтар жылу тапшылығы мәселесін шешуге тиіс", - деді ол.

Әкім Жезқазған – Қызылорда және Жезқазған – Арқалық жолдарының құрылыс-монтаждау, сондай-ақ, Үйтас-Айдос су құбырын реконструкциялау жұмыстары басталғаны жайында да баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!