Тоқаев Ұлытау облысында кеншілер қаза табуына байланысты көңіл айтты

Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілер қаза табуына байланысты көңіл айтты , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақмыс" корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді.

Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажет көмек көрсету туралы тапсырма берілді.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады. 

"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!