Президент Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы 2026 жылғы қаңтар-шілде айларындағы ақша-кредит саясатын жүзеге асыру қорытындысы туралы есепті тыңдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономикадағы жағдай, іскерлік белсенділік, инфляцияға әсер ететін факторлар және бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндалды.
Жылдық инфляция он ай қатарынан төмендеп, шілдеде 10,2 пайыз болды. Бұған жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, теңге бағамы нығаюы, тұтыну белсенділігі тұрақталуы, сондай-ақ, Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы бірлесе қабылдаған жан-жақты шаралары ықпал етіп отыр.
Ұлттық банк төрағасы Президентке экономиканы несиелеу динамикасы туралы мәлімдеді. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банктердің бизнеске берген кредиттерінің несие портфелі жылдық мәнде 17,1 пайызға ұлғайған. Бұл ретте шағын және орта бизнесті кредиттеу қарқыны 29,6 пайызға дейін жеделдеген. Ал тұтынушылық кредиттің өсуі жыл басындағы 21,0 пайыздан 13,0 пайызға дейін баяулаған. Бұл қабылданған пруденциялық шаралардың тиімділігін және тұтынушыларды кредиттеу қарқыны қалыпқа келгенін көрсетеді. Осылайша, кредит ресурстары бизнесті қаржыландыруға көбірек бағыттала бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев валюта нарығындағы жағдайдан, Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің, сондай-ақ, елдің алтын-валюта резервтерінің жай-күйінен хабардар болды. Биыл 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінің жиынтық көлемі 127,3 миллиард доллар болды. Alatau City қаржы экожүйесін дамыту мақсатында Ұлттық банк капиталдың жылдам әрі икемді қозғалысын қамтамасыз етуді және қаланың дамуына инвестиция тартуды көздейтін шаралар әзірледі.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісі бірінші жартыжылдықта 2,3 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,7 триллион теңгеге ұлғайып, 27,8 триллион теңге болды.
Мемлекет басшысына цифрлық қаржы активтері индустриясы мен Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бойынша тапсырмаларының орындалу барысы таныстырылды. Трансшекаралық төлем жасау үшін стейблкоинді қолдану, инфрақұрылымды дамыту мен токенделген мемлекеттік активтерді шығару жаңа бағыттар ретінде аталды.
Сондай-ақ, төлем нарығының жаңа сегменті – лицензияланатын бірінші санаттағы төлем ұйымдары қолданысқа енгізілді. Бұл бәсекелестікті ынталандыруға мүмкіндік беріп, клиенттердің шығынын азайтады және халық пен бизнес үшін инновациялық цифрлық сервистердің қолжетімділігін кеңейтеді.
19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесі аясында кез келген банктің клиенттеріне өзара QR арқылы төлем жасауға және телефон нөмірі бойынша ақша аударуға мүмкіндік беретін тетік іске қосылды. Жүйе жұмыс істей бастаған сәттен бері жалпы сомасы 170 миллиард теңге болатын 6,5 миллион операция өңделді.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инфляцияны орта мерзімде 5 пайызға дейін төмендету үшін барлық қажет шараны қабылдап жатыр.
Кездесу соңында Президент Ұлттық банк қызметі бойынша бірқатар міндет жүктеп, инфляцияны одан әрі тұрақтандырудың маңызына назар аударды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!