Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Еуропа Одағы" саммитіне қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы "Орталық Азия – Еуропа Одағы" саммитінде сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға қатысты келіссөз процесіне қолдау білдірді.
"Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселе күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз", – деді Президент.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталықты құру туралы қарарды бірауыздан қабылдағанын айтып, жиын қатысушыларына Қазақстанның бастамасын қолдағанына ризашылық білдірді. Президенттің пікірінше, орталық ұйымның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін ілгерілетуге, өңірдегі өзекті әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосады.
Саммитте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Еуропалық Кеңес президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо сөз сөйледі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова