- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Үкіметте ауыс-түйіс...
Тоқаев Үкіметте ауыс-түйіс болатынын мәлімдеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте ауыс-түйіс болатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен жақында өткен Үкімет отырысында бұл мәселе бойынша нақты айттым. Еліміз үшін өте маңызды бірқатар мәселе бойынша Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ, шешімдерін баяу қабылдап жатыр. Үкімет осы олқылықтарды түзету үшін әрекеттерін қолдануда, таяу арада оның жұмысының тиімділігі артады деп ойлаймын. Премьер-министрдің ұсынысы бойынша Жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер жасамақшымын. Жалпы, Үкіметтің алдында тұрған мақсаттар - өте ауқымды және өзекті", - деді Мемлекет басшысы ҚР Парламенті Сенатында.
Одан бөлек, Тоқаев экономиканы одан әрі дамытуға барынша күш салу керегін айтты.
"Келесі жылы ЖІӨ өсімі кемінде 4 пайыз болуға тиіс. Ал, ақшаға шаққанда алғаш рет 250 миллиард долларға жетуі қажет. Ұлттық банк пен Үкіметтің алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Бұл - инфляцияны ауыздықтау. Тұрмысы төмен тұрғындарға оның қатты тиетіні анық. Осы мәселені шешпесек, экономиканы өркендету мүмкін емес", - деді ол.
Сонымен қатар, ол халықтың әл-ауқатын арттыру және елге инвестиция тарту қиынға соғатынын айтты. Сондай-ақ, жаңа өндірістер салып, жұмыс орындарын ашу керегін мәлімдеді.
"Әсіресе, жастарды жұмыспен қамту өте маңызды. Әйтпесе, инфляцияның өсуінен азаматтарымыз үлкен зиян шегуі мүмкін. Денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне баса назар аудару қажет. Осы орайда, барлық жоспарымыздың орындалу барысын бақылауға алу керек. Соңғы кезде кейбір аймақтарда болған төтенше жағдайлар ел ішінде қордаланған мәселе көп екенін көрсетті. Алдағы уақытта мұндай оқиғаларға жол бермеу керек. Бұл - өңірлік саясаттағы негізгі міндеттің бірі", - деді Президент.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш