Президент Үкімет басшысына энергетикалық активтерді мемлекетке қайтаруды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысы премьер-министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр", - деп жазды Руслан Желдібай.
Сондай-ақ, Желдібай Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған Президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдіргенін жазды.
"Президент тұрғындарға тиісті көмек берілетінін, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайтынын айтты", - деді Президенттің баспасөз хатшысы.
Мемлекет басшысы Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!