Мемлекет басшысы "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.
Құжатта:
- тарихи-мәдени мұраны сақтау, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;
- археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;
- тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;
- қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;
- археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;
- мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;
- қаланың бірыңғай келбетін, сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;
- тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;
- мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;
- туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.
Еске салайық, 2024 жылы Парламент Мәжілісі Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын аяқтап, бірінші оқылымға ұсынуға дайын екені хабарланды.
Бұл 2022 жылғы 27 қыркүйекте Президенттің Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде берілген тапсырмасын орындау үшін әзірленді.
Биыл ақпанда Сенат заң жобасын мақұлдады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова