Мемлекет басшысы Түркия президентімен кездесу қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі.
"Бұл маңызды мәселе әрдайым назарда болады. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше. Бүгін Газиантеп провинциясындағы жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтар үшін Қазақстанның атынан салынған жаңа мектептің ашылу рәсімі өтті. Бұл – қазақ халқының түрік еліне көрсеткен қолдауы мен ыстық ықыласының айқын көрінісі. Сапар аясында тиісті министрліктер Астана мен Алматыда "Маариф" қорының екі мектебін ашу туралы меморандумға қол қойғанын айрықша атап өткен жөн. Осы мектептер саналы ұрпақ тәрбиелейтін іргелі білім ордасы ретінде қызмет етеді деп сенемін. Бұл мектептердің құрылысына тиісті жер телімдерін беру жөнінде тапсырма берілді. Көп созбай құрылысты бастаймыз. Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық та табысты дамып келеді. Қазір 14 мыңға жуық азаматымыз Түркияда оқып жатыр. Сондай-ақ, 260-қа жуық түрік студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университет жанынан Түркияның Гази университетінің филиалы жұмыс істей бастайды. Алдағы уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркияда филиал ашуды жоспарлап отыр. Біз бұл игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, медицина, туризм саласындағы байланысымызды нығайта береміз", – деді Президент.
Президент Түркия елінің бірінші ханымы Эмине Ердоған Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында аса маңызды Zero Waste жобасын ұсынып, ауқымды жұмыс атқарып жатқанына тоқталды.
"Осы бастама елімізде жүргізіліп жатқан "Таза Қазақстан" жалпыұлттық жобасымен үндес екенін ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз Эмине ханымның аса қажет жобасын белсенді түрде қолдаймыз", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары мәртебелі Режеп Тайип Ердоған мырзамен әлемдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты.
"Қазіргідей күрделі кезеңде қарулы қақтығыстар ушығып тұрғанына алаңдаушылық білдірдік. Халықаралық құқықтың және әмбебап ұйымдар ықпалының әлсіреуі туралы ой бөлістік. Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін күшейту, оның қарарлары мен жарғыларын қатаң сақтау, халықаралық құқық үстемдігін қамтамасыз ету және әділдік қағидатын ұстану мәселесіне қатысты ортақ байламға келдік. Барлық дау-дамай мен жанжалдарды дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Қазақстан мен Түркия алдағы уақытта да халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын жалғастыра береді. Біз жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіреміз", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның стратегиялық серіктестігін нығайту халықтарымыздың ортақ мақсат-мұраты екенін атап өтті.
"Біз тарихи тамыры терең бауырластығымызды келешек ұрпаққа аманат етіп, қазіргі сан-салалы қарым-қатынасымызды нығайта береміз. Бұл қос халықтың алдында тұрған қасиетті парыз деп санаймын. Құрметті президент мырза! Ардақты бауырым, досым! Өзіңізге және делегация мүшелеріне мазмұнды келіссөздер үшін шын жүректен алғыс айтамын. Ынтымағымыз арта берсін! Қазақстан мен Түркияның достығы мәңгі болсын!" – деді Қазақстан Президенті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз