- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев түркі мемлекеттерінің...
Тоқаев түркі мемлекеттерінің бірлескен жұмысын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің бірлескен жұмысын дамыту бойынша бірқатар маңызды мәселелерді айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің қызметін дәріптеудегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне тоқталды.
"Тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде дәріптеуіміз керек. Бұл - өте қажет нәрсе. Осы жұмысты елдеріміздің ішіндегі ақпарат құралдары және белгілі халықаралық агенттіктер аясында жүргізуге болады. Себебі әлем қауымдастығы біздің түркі әлеміндегі ықпалдастықты нығайту үшін жасап жатқан ауқымды жұмысымыз туралы білуі қажет.
Шындығын айтсақ, жаһан жұртшылығы біздің ұйымның жұмысы туралы әлі де жақсы біле бермейді. Дегенмен қазір Түркі ынтымақтастығы идеясы бүкіл әлемнің назарын өзіне аудара бастады. Түркі өркениеті туралы хабар беретін құнды деректер жер шарының түрлі аймақтары мен құрлықтарынан табылып жатыр.
Бұл - біздің елдерімізге ортақ құндылықтар. Сондықтан қолда бар тарихи және тілдік деректерді жүйелеп, ретке келтіру маңызды міндет деп ойлаймын. Ғылыми институттардың және мекемелердің аясында белсенді жұмыс ұйымдастырып, оны әлем жұртшылығына кеңінен таныстыруымыз керек. Ұйымның жұмысы дипломатиялық саммиттер мен қорытынды құжаттары бар кездесулермен ғана шектеліп қалмағаны жөн. Түркі мемлекеттері ұйымы барша түркі әлеміндегі халықтарды жақындастыратын ықпалды орталыққа айналуы қажет деп санаймын", - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент ортақ мұраны зерттеуге арналған жол картасын әзірлеуді ұсынды.
"Бесінші, түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл - "түркі" деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш.
Осы орайда мен түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған "жол картасын" әзірлеуді ұсынамын. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының "Цифрлық кітапханасын" құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді", - деді Мемлекет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова