Тоқаев: “Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес“

Тоқаев: “Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес“
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркияның "Түркі мемлекеттері ұйымы +" форматын құру бастамасын қолдаған.

"Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі. Бүгінде біздің ұйымға халықаралық қауымдастық сенім білдіріп отыр. Абырой-беделіміз де артып келеді. Осы орайда Қазақстан Ресейдің "Алтай – түркі өркениетінің бесігі" жобасына оң көзқарасын білдірді. Бұған қоса, біз "Алтай сұхбат алаңы (диалогі)" форумын құру жөніндегі ұсынысымызды жарияладық. Еліміз Түркияның ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған "Түркі мемлекеттері ұйымы +" форматын құру бастамасын қолдады. Осы форматқа қосылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты өлшемдер болуы қажет деп санаймын", - деді Президент.

Мемлекет басшысы ұйымды әскери альянс ретінде сипаттаушыларға жауап берді.

"Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек. Мысалы, кейнігі кезде ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікір айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаты елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту - аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл - бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң. Мұндай ұстаным - еліміз үшін маңызды басымдық, себебі бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық. "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген аталы сөз бәрімізге ортақ. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек. Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз", - деді Президент.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget