Мемлекет басшысы Түркия президентімен кездесу қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен мәртебелі Режеп Тайип Ердоғанға шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді.
"Атажұртқа тағы да қош келдіңіздер деймін! Сіздің Қазақстанға ат басын бұрып, мемлекеттік сапармен келуіңіз – біз үшін зор мәртебе. Қазақ пен түрік – тамыры бір туысқан халықтар. Сондықтан бұл сапардың мәні де, мазмұны да айрықша. Түркия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Екі елді ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланыстар, ортақ мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіреді. Біз – бір-бірімізге шынайы тілеулес елдерміз. Мақсатымыз бір, бағыт-бағдарымыз айқын. Ең басты міндет – халықтарымыздың ынтымағын күшейтіп, табысын арттыру. Бүгінде Түркия – әлемде саяси ықпалы зор, экономикасы қуатты, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет. Бұл президент Режеп Тайип Ердоғанның арқасы екеніне бүкіл әлем куә, бұған ешкімнің күмәні жоқ. Тағы да атап өту қажет: Түркияның биік белестерге шығып, зор табысқа жетуі - оның жоғары басшысының көреген көшбасшылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ, мұның түп-тамырында түрік халқының даналығы, еңбекқорлығы, батылдығы мен бірлігі жатыр деп санаймын", – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы кейінгі жылдары екі мемлекет арасындағы сан қырлы ықпалдастық жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталды.
"Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығая түсті. Біз бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткіздік. Нәтижелі кеңес болды. Өзара серіктестікке серпін беретін басым бағыттарды айқындадық. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға уағдаластық. Осы мақсатты жүзеге асыруға құқықтық негіз болатын маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойдық. Ең бастысы, қазақ-түрік қатынасын жаңа деңгейге көтеретін "Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы" декларацияны қабылдадық. Бұл тарихи құжат халықтарымыздың бірлігі мен болашаққа деген ұмтылысының бірегей нышаны екені анық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Түркия еліміздің ірі инвесторларының қатарына кіретінін атап өтті.
"Бүгінге дейін түрік кәсіпкерлері экономикамызға 6 миллиард доллар көлемінде қаражат салды. Қазақстанның да бауырлас мемлекетке салған инвестициясы өсіп, шамамен 2,5 миллиард долларға жетті. Қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Бұл – біздің ұзақ мерзімге арналған серіктестігіміздің кепілі. Сондай-ақ, Түркия – еліміздің ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Екі ел арасындағы алыс-беріс 8,8 пайызға өсіп, 5 миллиард доллардан асты. Әрине, экономикамыздың әлеуетін ескерсек, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндік бар. Бүгін біз қатысқалы отырған Қазақстан-Түркия бизнес форумы екі елдің сауда-экономикалық ықпалдастығына тың серпін береді деп сенеміз. Біз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан түрік компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі стратегиялық жобаларға атсалысуға шақырамыз", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстанда барлық меншік түріне кепілдік берілетінін мәлімдеді.
"Соның ішінде шетелдік меншік пен инвесторлардың құқығы жан-жақты қорғалады. Бұған қоса түрік бауырларымызға Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдануға болады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер беріледі. Қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы арта түскені анық. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы жүк тасымалы тұрақты дамып жатыр. Былтыр теміржол арқылы жүк тасымалы 35 пайызға, көлік арқылы жүк тасымалы 5 пайызға ұлғайды. Біздің елдерімізді Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір деуге болады. Осы ортақ игілігімізді барынша тиімді пайдалану қажет. Сондықтан қадірлі Режеп Тайип Ердоған мырзамен нақты жобалар арқылы "Орта дәліздің" әлеуетін арттыруға уағдаластық. Бұл қос халықтың мүддесіне толық сай келеді. Осы ретте, әуе тасымалы мен cargo саласының маңызы ерекше екенін айта кету керек. TAV Airports Holding компаниясы Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретінде дамытуды көздеп отыр. Біз бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар, түрік инвесторларын көлік-логистика саласындағы басқа да жобаларға белсене атсалысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір", – деді Президент.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова