Тоқаев Трамптың шақыруымен G20 саммитіне қатысады

Тоқаев Трамптың шақыруымен G20 саммитіне қатысады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Астанада Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту перспективаcы талқыланды. Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурды қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тараптар не туралы сөйлесті?

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Америкалық тарап ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады және энергетика, маңызды минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестициялар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту үшін әлеует жеткілікті екенін мәлімдеді.

Су ресурстарын басқарудың жаһандық архитектурасын нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамасына, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасына ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында тараптар 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін G20 саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Саммитке Мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады. Осыған байланысты тараптар жоғары деңгейдегі күн тәртібін қалыптастыру мақсатында одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін білдірді.

G20 деген не?

Айта кетейік, G20 - әлемдегі ең ірі экономикалардың халықаралық форумы. Оның үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 85 пайызы, дүниежүзілік сауданың 75 пайыздан астамы және планета халқының шамамен үштен екісі тиесілі.

G20 саммиті 2026 жылғы 14-15 желтоқсанда АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында өтеді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget