Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамппен не туралы сөйлескені белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Президенттің көмекшісі - баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
"Бірқатар БАҚ өкілдері Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсімінде Мемлекет басшысы мен Америка президенті арасындағы қысқаша әңгіменің мазмұнына қатысты сауал жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған "Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі" деп аталатын ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілгеніне назар аударды. Бұдан бөлек, Президент Америка көшбасшысына ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тіледі. Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп жеке сөйлескен сәттің видеосы жарияланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз