Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, саммитті ойдағыдай ұйымдастырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.
"Қазақстан Түрікменстанның ұйымға төрағалық жасаған кезеңінің нәтижелерін және ТМД-ның ортақ күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалайды. Осыған орай, құрметті әріптес, сіздің жоғары кәсіби деңгейдегі жұмысыңызға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі саммит Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан ұйымның бастауында тұрды. 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы шын мәнінде мемлекеттеріміздің тарихындағы бетбұрысты сәт болды. ТМД құрылуы посткеңестік кеңістіктегі жаппай қақтығыстың алдын алды. ТМД-ның біріктіруші миссиясы елдеріміз тәуелсіздік алған кезеңде айқын көрінді десек, артық айтқанымыз емес. Одақ құрамындағы елдер ірге бөлген күрделі сәтте тарихи байланыстарымызды сақтап, мемлекетаралық ықпалдастықтың мүлдем жаңа форматын құрдық. Осы жылдарда Достастық ұйымы сенім мен ынтымақтастықты дәріптейтін тиімді көпжақты тетік ретінде бүкіл әлемге кеңінен танылды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ТМД-ның ең үлкен байлығы – халықтар достастығы, ортақ мәдени және рухани мұра екеніне назар аударды.
"Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа құрылымы қалыптасып келеді. Жаһандық экономикалық байланыстар жүйесі күйрей бастады. Технологиялық бәсеке күшейді, белгісіздік белең алып, алдағыны болжау қиындай түсті. Мұндай жағдайда тікелей және сенімді диалог өрбітіп, әр мемлекеттің мүддесін ескеретін ортақ шешім табу ерекше маңызды. Достастықтың ұдайы сұранысқа ие ұйым болуының бірден-бір себебі осы деп ойлаймын. Мерейлі жылда Алматы декларациясындағы қағидаттарға тағы бір назар аударып, жүріп өткен жолымызды қайта зерделеуді және келешек міндеттерді айқындауды ұсынамын. Қарашада Алматыда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен осы тарихи құжат қабылданғанына 35 жыл толуына орай халықаралық конференция өтеді. ТМД мемлекеттерінің ғалымдарын, құқықтанушыларын, тарихшылары мен сарапшыларын конференция жұмысына белсенді түрде қатысуға шақырамыз", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жаңа тарихи меже алдындағы ортақ міндет - Достастықтың халықаралық беделді ұйым ретіндегі әлеуетін күшейтіп, жаңа геосаяси жағдайға бейімдеу.
Бұдан кейін Президент басты ықпалдастық бағыттарына тоқталды. Ең әуелі, ТМД-ның ұзақ мерзімді басымдықтарын белгілеу қажет.
"Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған еді. Одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан көбіне бір-бірімен сәйкеспейді. Олардың бәрін біріктіріп, өзара байланысты біртұтас жүйе түзген жөн. Келешекте Достастықтың қандай болғанын қалаймыз? Еуразиядағы геосаяси архитектура жылдам өзгеріп жатқан кезеңде оның орны қандай болмақ? ТМД-ға мүше мемлекеттер осы сауалдардың нақты жауабын табуымыз қажет. Сондықтан атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – орта мерзімді перспектива. Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы. Мұндай тәсіл орнықты прогреске жету жолындағы іс-әрекетіміздің үйлесімді әрі бірізді болуына септігін тигізеді", – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, экономикалық ықпалдастықты тереңдету және индустриялық-технологиялық серіктестікті жетілдіру ерекше маңызға ие.
"Былтырғы қорытынды бойынша ТМД елдерімен сауда айналымы 40 миллиард долларға жуықтады, ал биылғы жеті айда 10 пайызға өсті. Бірлескен өндірістерді ашу ісінде де үлкен тәжірибе қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 миллиард доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!