Тоқаев тіл мәселесіне қатысты сынға жауап берді

Тоқаев тіл мәселесіне қатысты сынға жауап берді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерге қатысты пікір білдірді.

"Айтпақшы, жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық. Осы орайда қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ. Жаңа Конституция жобасында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі" деп нақты жазылған", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бұл ретте ана тіліміз тек көркем әдебиетте емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады.

"Ең маңыздысы жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын. Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады. Қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді. Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз", - деді Президент.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget