Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті лауазымына сайлануына орай Қазақстан шахмат федерациясының президенті, белгілі кәсіпкер, меценат Тимур Турловқа құттықтау жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент дүниежүзілік беделді ұйымды басқаратын отандасымызға толайым табыс тіледі.
Турлов FIDE-нің Самарқандта өткен Бас ассамблеясында президент болып сайланды. Ол шахматты жаңа белеске көтеретін уақыт келгенін айтты.
Айта кетейік, Тимур Турлов 2023 жылдан бері Қазақстан шахмат федерациясын басқарады. Осы уақыт ішінде елде мектеп шахматын дамытуға арналған бағдарламалар кеңінен қолға алынып, ірі халықаралық турнирлер өткізіле бастады.
Тимур Турлов - Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі негізгі акционері.
Forbes Kazakhstan мәліметінше, 2026 жылғы мамырдағы жағдай бойынша оның дәулеті 5,2 миллиард долларға бағаланған.
Қаржы саласындағы бизнестен бөлек, Турловтың Қазақстандағы бірқатар медиажобаға да қатысы бар. Turlov Private Holding арқылы оған "Капитал" баспа үйі, "Радио Дача", Love Radio, "Той Думан" телерадиокомпаниясы және басқа да медиаактивтер тиесілі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!