Тоқаев “Таза Қазақстан“ акциясының мәні туралы айтты

Тоқаев “Таза Қазақстан“ акциясының мәні туралы айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Акция барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, екі жыл бұрын тағылымы мол, мән-мазмұны айрықша "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы басталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Халқымыз ежелден "тазалық" ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз "таза" сөзін кең мағынада қолданады. Мысалы, арлы, ниеті түзу, адал адам туралы айтқан кезде "ары таза, ойы таза, жүрегі таза" адам деп сипаттаған. Бабаларымыз әрдайым табиғатпен етене байланыста өмір сүрген, қоршаған ортаны қорғау қастерлі міндет деп санаған. "Обал болады" деп, жас ұрпақты табиғатқа ешқандай зиян келтірмеуге үйреткен. "Бұлақ көрсең, көзін аш" деп, Жер-Анаға жанашыр жүрекпен қарауға тәрбиелеген. Міне, бүгін де тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. "Таза Қазақстан" – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы акцияға атсалысқан отандастарымызға, әсіресе, жастарға ризашылығын білдірді.

"Таза Қазақстанның" негізгі қозғаушы күші және арқауы жастар десек, артық болмайды. Ұл-қыздарымыз ортақ іске белсене атсалысып, жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетіп жүр. Бүгінгі маңызды іс-шараға жасампаз әрі жаңашыл жастар қатысып отыр. Еліміздің жарқын болашағы – сіздер сияқты рухы мықты, отаншыл, ерік-жігері күшті азаматтардың қолында. Түптеп келгенде, біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Барымыз да, басты байлығымыз да – қастерлі Отанымыз Қазақстан. Сондықтан қасиетті жеріміздің, киелі еліміздің Озық, Қауіпсіз, Күшті әрі Таза болғаны тек бізге ғана керек. Осыны дұрыс түсінген абзал. Бұл жобаның түпкі мәні – табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалыптастыру", – деді Президент.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget