Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамда өткен сессиясына қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сессия барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті аспектілері талқыланды. Сонымен қатар ұйым қызметінің басты бағыттары бойынша биыл атқарылған жұмыстардың қорытындысы жасалып, алдағы кезеңнің жоспары айқындалды. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі сессия халықаралық ахуал күрт нашарлаған өте қиын жағдайда өтіп жатқанына назар аударды. Еуразия құрлығындағы және ҰҚШҰ жауапкершілігіне кіретін аймақ төңірегінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Мемлекет басшысының пікірінше, Таяу Шығыстағы оқиғалардың аужайы да ерекше алаңдаушылық туғызады.
"Қақтығыстан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Қаншама жазықсыз адам, балалар қаза тапты. Мұндайға бей-жай қарау мүмкін емес. Қазақстан Газа тұрғындарына бір миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Қаржы БҰҰ құрылымы – UNRWA/БАПОР ұйымы арқылы жіберілді. Қақтығыс кезінде бұл ұйымның қызметкерлері өте көп шығынға ұшырағанына қарамастан, жұмысын ерлікпен жалғастырып жатыр. Таяу Шығыстағы қақтығыс, шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы ақпараттық-идеологиялық текетіресті әбден ширықтырып жіберді. Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарды. Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн", - деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның уақытша бітім жасау туралы соңғы келісімді құптайтынын мәлімдеді.
"Біз әуел бастан қақтығысушы тараптардың гуманитарлық үзіліс жариялауы керек екенін айттық. Олар осы уақытты қалыптасқан жағдайды реттеудің ұзақмерзімді шараларын әзірлеуге пайдалану үшін бар күш-жігерін жұмсауы қажет. Бұған қоса, БҰҰ аясында палестиналықтарға «Екі халық үшін екі мемлекет» формуласына сай толыққанды мемлекет құру құқығын берген жөн. Осындай қиын жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын мүлтіксіз орындап, халықаралық құқық нормаларын сақтау маңызды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!