Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел өміріндегі рөліне тоқталып, Қазақстанның цифрлық дамудың келесі кезеңіне қадам басқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысынан 2026 жылдың "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" болып жариялануына байланысты межелі міндеттердің орындалу барысы және жаңа технологиялардың күнделікті өмірге әсері туралы сұралды.
Президент бұл тақырыпқа алдағы Жолдауында арнайы тоқталатынын айтты.
"2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Жолдауда осы тақырыпты қозғаймын. Біз цифрлық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болудың алғашқы кезеңінен өттік", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, цифрлық сервистер қазақстандықтардың күнделікті тіршілігін айтарлықтай жеңілдетті. Қазір бұрын көп уақыт пен күш талап еткен көптеген шаруаны үйден шықпай-ақ шешуге болады.
"Өзге елдермен салыстырғанда өміріміз әлдеқайда жеңілдеді. Мұны өздеріңіз де көріп, байқап жүрсіздер. Қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұрын мұның бәрін реттеуге уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін", - деді Президент.
Тоқаев Қазақстан енді цифрландырудың жаңа кезеңіне өтуі керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке халықаралық келіссөздер жүргізіп, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды халық игілігіне кеңінен қолдану жөнінде тапсырма берген.
"Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек", - деді Мемлекет басшысы.
Президент смартфонды тек көңіл көтеру құралы ретінде қабылдамау керегін де айтты.
"Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон - ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, заманауи технологияның мүмкіндігін әсіресе ауылдағы кәсіпкерлер мен шаруалар тиімді пайдалана алады.
"Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды", - деді Президент.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!