Тоқаев ШЫҰ саммиті аясында Путинмен кездесті

Мемлекет басшысы Ресей президентімен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ШЫҰ мерейтойлық саммиті аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық рухында дамып келе жатқан сан қырлы ынтымақтастық қарқынды сипат алғанына назар аударды.

Владимир Путин Мемлекет басшысын Құрылтай сайлауы табысты өтуімен құттықтады. Оның айтуынша, дауыс беру нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды одан әрі дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы ілгерілетуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға байланысты көптеген мәселені шешуге бағытталған стратегиялық бағдары кеңінен қолдау тапқанын растайды.

Қазақстан Президенті құттықтауы үшін Ресей басшысына ризашылығын білдіріп, конституциялық реформа аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

"Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, сіздің мамырда Астанаға жасаған мемлекеттік сапарыңыз табысты өтті. Әрі сипаты жағынан тарихи сапар болды деп санаймын. Қазір Үкімет қол қойылған барлық келісімді іске асыруға кірісті. Өзіңіз атап өткендей, сауда-саттық тез дамып келеді. Былтырмен салыстырғанда өсім байқалады. Ресей біздің басты инвестициялық және сауда серіктесіміз болып қала береді деп ойлаймын. Бұл үдерісті барынша қолдаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Владимир Путин екіжақты қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын жоғары бағалады.

"Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері ойдағыдай болды. Биыл да өсім байқалады. Көптеген мәселе бойынша бірге жұмыс істеп келеміз. Күн тәртібінде ірі жобалар да, қазіргі мәселелер де бар. Үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс істеп жатыр. Өзара уағдаластықтарды бұлжытпай орындағаны үшін оларға алғыс айтуымыз керек. Әсіресе, гуманитарлық саладағы байланыстарымыз жандана түскені қуантады. Қазақстандық 60 мың студент Ресей жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Жуырда ғана Омбы қаласында Қазақстанның маңдайалды оқу орнының филиалы ашылды. Яғни барлық мәселе бойынша өзара түсіністік орнаған. Бүгін осы тақырыпты талқылауға мүмкіндік туып отыр", – деді Ресей президенті.

Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту перспективасын, сондай-ақ, өзара мүддеге сай келетін салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!