Тоқаев шенеуніктерге азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, дер кезінде жауап беру қажет екенін еске салды

Тоқаев шенеуніктерге азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, дер кезінде жауап беру қажет екенін еске салды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы "Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі" атты халықаралық форумда сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің пікірінше, мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту - Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі.

"Ең алдымен, баршаңызды алқалы жиынның ашылуымен құттықтаймын! Қадірлі меймандарға осы форумға арнайы келгендері үшін алғыс айтамын. Сіздерді Астана төрінде көргеніме ризамын. Жаңа ғана форум тақырыбы бойынша өзекті ойлар мен құнды пікірлер айтылды. Алдағы уақытта Үкімет бұл жұмысты міндетті түрде назарда ұстайды. Шын мәнінде, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі. Еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім және келісім болуы керек. Бұл – мызғымас қағида. Бірақ мұндай келісім өздігінен пайда болмайтыны анық. Қоғамдық келісім – көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі. Сондықтан мен Президент ретінде осы өте өзекті мәселеге баса мән беремін. Біз "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыра бастадық. Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру - елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі. Осы маңызды жұмысқа биліктің әр деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар белсенді түрде қатысуы керек. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, өркениетті ел ретінде Заң мен Тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек.

"Кейінгі жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Біз өркениетті ел ретінде Заң мен Тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт. Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды. Қазақстанның Бас құжаты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – еліміздің Ата заңына арқау болған басты құндылық. Конституцияда азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды. Түптеп келгенде, жаңа тұрпатты ел болу жолындағы әрбір реформа, ең алдымен, халықтың қалауымен, жұртшылықтың тікелей қолдауымен жасалады. Әрине, мұның барлығы бір сәтте жүзеге аспайтыны белгілі", - деді Президент.  

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget