Тоқаев шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталуына қатысты ойын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталуына қатысты ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы президент "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында айтты. 

- Қоғамда сыбайлас жемқорлық туралы жиі айтылады. Оған қарсы белсенді күрес жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Жалпы, шенеуніктердің ұсталғаны туралы түрлі ақпараттар елімізде жемқорлық өршіп тұрғандай әсер қалдырады. Шынымен де солай ма? 

- Сыбайлас жемқорлықпен жүйе­лі түрде күресу - аса қажетті жұмыс. Бұған еш күмән жоқ. Мемлекет жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілерін анықтау ғана емес, жемқорлықтың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.

Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес жолында ең озық халықаралық стандарттарды, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы енгізіп жатқан талаптарды басшылыққа алады. Бұл – өте жоғары талап, біз соған сай болуымыз керек. Бұған қоса, мен сыбайлас жемқорлықпен күресуге жауапты мекеменің басшыларына науқаншылдыққа салынбай, байыпты шешімдер қабылдау қажеттігін үнемі айтып отырамын. Өйткені әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр.

Ал шенеуніктердің ұсталғаны туралы ақпараттың жиі шығуы биліктің абыройына белгілі бір деңгейде нұқсан келтіргенімен, мемлекеттің ашық жұмыс істейтінін көрсетеді. Бірақ мұндай қадамсыз "Заң мен тәртіп" қағидаттарына негізделген әділетті мемлекет құру мүмкін емес. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!