Тоқаев Шахановтың жақындарына көңіл айтты

Мемлекет басшысы ұлт перзенті, аса көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тіліне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады", – деп жазылған жеделхатта.

Айта кетейік, 19 сәуірде ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті. 

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол - ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері (2022 ж.), Қазақстанның Халық жазушысы (1996 ж.), Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994 ж.).

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың денсаулығы сыр бергені, жансақтау бөлімінде жатқаны туралы ақпарат тарады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!