Мемлекет басшысы көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Сейіт Қасқабасовтың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев тілтанушы және әдебиеттанушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сейіт Қасқабасов қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақын-жуығына көңіл айтты.
"Сейіт Асқарұлы ұлт руханиятын ұлықтап, қазақ ауыз әдебиетін терең зерделеуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы тұлға еді. Әсіресе, отандық фольклортануға өлшеусіз үлес қосты. Іргелі еңбектер жазып, ұлағатты ұстаз ретінде көптеген шәкірт тәрбиеледі. Өнегелі өмір сүріп, соңына рухани мол мұра қалдырған Сейіт Асқарұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды", – деп жазылған жеделхатта.
Еске салайық, бұған дейін белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым Сейіт Қасқабасов өмірден өткені хабарланды.
Қаралы хабарды Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жеткізді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова