Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңындағы партиялар арасындағы саяси бәсекеге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Еуразия бірінші" телеарнасының тілшісі Қырмызы Жандос Мемлекет басшысынан осы жолғы сайлау науқанының деңгейін қалай бағалайтынын сұрады.
Президент саяси науқанға оң баға беретінін айтты.
"Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қателеспеймін. Меніңше, саяси науқан жақсы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теледебаттар болды. Жастарымыз пікірталастарды зор ықыласпен тамашалады. Оған бәріміз де куә болдық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өткен саяси науқанды елдегі жаңғырудың жаңа кезеңімен байланыстырды.
"Бұл жаңғыруымыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам болды деп айта аламын", – деді Президент.
Құрылтай сайлауы
23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.
Сайлауға 7 партия қатысып жатыр. Құрамы мынадай:
- "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
- "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
- "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
- "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
- Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат;
- Respublica партиясы - 75 кандидат.
1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.
Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz