Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы тақ мұрагерімен әңгімелесу барысында Таяу Шығыстағы қақтығыс ушығуы аймақтағы ғана емес, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа орасан қатер төндіретініне назар аударды.
Президент пен тақ мұрагері қақтығысқа қатыспаған елдердің аумағына шабуыл жалғасуы мұсылман үмбетінің өзара құрмет пен төзімділік танытатын айында болғанына қынжылатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы отандастарымызды Қазақстанға эвакуациялауға көмектескен Корольдік Үкіметіне алғыс айтты. Өз кезегінде тақ мұрагері қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, қасиетті Рамазан айында Қазақстан халқына ізгі тілегін жолдады.
Тараптар екіжақты қатынастарды жаңа әрі сапалы деңгейге көтеру, сондай-ақ, халықаралық аренадағы бірлескен күш-жігерді үйлестіру мақсатында тұрақты саяси диалогті арттыруға уағдаласты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз