Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" АҚ және "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ (ҚТЖ) басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Massaget.kz Ақордаға сілтеме жасап.
"Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай. Жалпы, заң бойынша тергеу мәселелерін жариялауға немесе ашып көрсетуге болмайды. Оның үстіне тергеу жұмысы да енді басталды. Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл – біз «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Конституцияның 15 наурыздағы бүкілхалықтық референдумда дерлік бірауыздан қабылданғанын, 1 шілдеде күшіне енгенін және әділ түрде "Халық Конституциясы" деп аталғанын еске салды.
"Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халқымыздың осы қасиетті құжатын келемеж жасауға, кемсітушілік көрсетуге ешкімнің де хақы жоқ", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін 13 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөнінде Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысы өтетіні белгілі болған еді.
"Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы
12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын ресми түрде растаған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай