Тоқаев “Самұрық-Қазына“ басшысын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақұповты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы холдинг активтерінің тиімділігін арттыру және құнын өсіру, сондай-ақ инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру жұмысын жалғастыруды тапсырды.

"Президент Азия, Еуропа және АҚШ-тың ірі қорларымен ұзақмерзімді инвестициялық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын атап өтті", – делінген Ақорда хабарламасында.

Кездесуде Нұрлан Жақұпов "Самұрық-Қазына" қорының қызметі мен жүзеге асырылған жобалар туралы есеп берді. Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылы компанияның таза табысы 39 пайызға, операциялық табысы 9 пайызға артқан.

Іске асқан инфрақұрылымдық жобалар:

Екібастұз ГРЭС-1 станциясының №1 энергоблогы қалпына келтірілді;
Сиань қаласында көлік-логистикалық терминал іске қосылды;
Алматы энергокешеніне арналған газ инфрақұрылымының құрылысы аяқталды;
Қарашығанақ кен орнында бесінші газ айдау компрессоры пайдалануға берілді.
Сондай-ақ биыл мамырда битум өндіру қуатын кеңейту жобасы іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 7 ірі инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, "Самұрық-Қазына" стратегиялық инвесторларға Qazaq Air әуе компаниясы мен "Мобайл Телеком-Сервис" (Tele2) мобильді операторының сату мәмілесін аяқтады. Бұл шешім нарықтағы бәсекелестікті арттырып, Қазақстан экономикасының негізгі секторларына инвестиция тартуға ықпал етеді.

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 106 мектептің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 102 мектеп салу жоспарланған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!