Тоқаев “Самұрық-Қазына“ басқарма төрағасына бірқатар тапсырма берді

Тоқаев “Самұрық-Қазына“ басқарма төрағасына бірқатар тапсырма берді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысына қордың биыл атқарған жұмысының нәтижелері туралы мәлімет берілді.

Нұрлан Жақыпов қор тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 53 триллион теңге болатын 130-ға жуық жоба бар екенін айтты. Соның ішінде биыл CASPI BITUM зауытының қуатын арттыру, 50 МВт күн электр стансасы және Кендірлі елді мекенінде су тұшытатын зауыт салу жобалары жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін 1,1 триллион теңгеге 9 ірі жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Президентке Жетісу облысындағы 84 елді мекенге көгілдір отын жеткізетін Талдықорған - Үшарал магистральді газ құбыры, Ақтаудағы контейнер хабы мен Алматыдағы Zhetysu логистикалық терминалы, сондай-ақ, Sany Re компаниясымен бірлесе жел генераторларына арналған қондырғылар шығаратын зауыт іске қосылғаны жөнінде мәлімет берілді.

Нұрлан Жақыпов берген мәліметке сәйкес биыл он айда "Самұрық-Энерго" АҚ сағатына 31 миллиард кВт электр энергиясын өндірді. Бұл - Қазақстандағы жалпы өндірістің 31 пайызы. "Самұрық-Энерго" АҚ құрамына кіретін электр стансаларының қуаты 7845 МВт-қа жетті.

2023-2025 жылдар аралығында әлеуметтік жобаларды қолдауға және қайырымдылық шараларына 1,5 триллион теңге бөлінген. Бұл қаржы медициналық нысандарға, сондай-ақ, 55 оңалту орталығының, 31 инклюзия кабинетінің, 18 спорт кешенінің, мәдени және білім беру мекемелерінің құрылысына жұмсалды. "Таза Қазақстан" бастамасы аясында 5,8 миллион түп тал егілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының отандық бизнесті өркендетуге қатысты бастамалары туралы баяндалды.

Мемлекет басшысы қор жұмысының тиімділігін арттыру, инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру және ұлттық активтердің ұзақ мерзімді орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget