Тоқаев салық реформасына қатысты пікір білдірді

Тоқаев салық реформасына қатысты пікір білдірді
Фото: depositphotos.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда салық реформасы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы бірқатар мәселеге арнайы тоқталды. Ең алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірін білдірді.

"Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек", - деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынғанын, бұл шаралар жалпы алғанда дұрыс екенін жеткізді. Тоқаевтың пікірінше, онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген.

"Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын ел аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде.

"Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс", - деді Тоқаев.

Еске салайық, Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы реформалар туралы шешімді қолдады.

Кейінірек Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. 

Ал Ұлттық экономика министрлігі өкілі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсынысын айтты:

"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі - 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал кейбір салалар үшін 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелер: 16%, 10%, 0% және босату".

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова