• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Тоқаев салық реформасы жайында пікір білдірді

Тоқаев салық реформасы жайында пікір білдірді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Президент жаһандық ахуалға мейлінше бейімделіп жұмыс істеу, яғни әр қадамды мұқият ойластырып, салмақты шешімдер қабылдау арқылы Қазақстан экономикасын түрлі сын-қатерден сақтап қалу маңызды екеніне тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы экономикадағы басты жетістіктерді атады.

"Үкімет кез келген мәселені алдын ала қарастырып, тиімді және батыл әрекет етуге тиіс. Еліміздің мүмкіндігі мол, әлеуеті орасан зор. Қаңтар-наурыз айлары бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 5,8 пайыз болды. Бұл қазіргі күрделі жағдайда өте жақсы көрсеткіш деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлттық экономикамыз негізінен көлік саласы, құрылыс саласы, өнеркәсіп және сауда-саттық есебінен дамып жатқанын атап өткім келеді. Бұл – өте маңызды жетістік. Сонымен қатар, әлемдік дағдарыс күшейіп кеткен жағдайда еліміз Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорының мүмкіндіктерін қолдана алады. Осындай күрделі уақытта біздің кәсіпкерлеріміз де ерекше белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі оларды ешқандай қиындыққа қарамай еңбек ете алатын нақты істің адамдары деп есептеймін. Бізге қазір құр сөздің еш қажеті жоқ. Біз бәріміз бір ел болып тек табанды және тиімді жұмыс істеуіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасы жайында да пікір білдірді.

"Жаңа Салық кодексін әзірлеуге тапсырма берген кезде мен мейлінше түсінікті, тұрақты әрі әділ салық саясатына көшу жөнінде міндет қойдым. Шын мәнінде біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз. Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдайларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Соның салдарынан кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер оны әрқалай қабылдап, өз уәждерін алға тартады. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы. Ол да негізсіз емес. Бастапқыда салық жеңілдігі экономиканың белгілі бір салалары мен бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген еді. Бірақ кәсіпкерлер жеңілдікті бас пайдасына жаратып, салықтан жалтарып, бизнестерін бөлшектей бастады. Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз", - деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан жаппай офшор аймағына айналып кетпеуі керек.

"Мұның бәрі салықты басқару жүйесін күрделендіріп, салық жүктемесі әділетсіз бөлінетін жағдайға әкеп соқты. Қазір Парламентте мүлдем жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Бұл құжат бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескеріп, кәсіпкерлерді салықты дұрыс төлеуге ынталандыруға тиіс. Қосымша салық түсімдері даму бюджетін ұлғайтып, жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді. Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді. Осының бәрі азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ. Әрине, осындай күрделі кезеңде бізге ең алдымен ауызбіршілік керек. Халқымызда "Ырыс ынтымақты елге барады" деген жақсы сөз бар. Ұйыса білген ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан жұртты ортақ мақсатқа жұмылдыру өте маңызды", – деді Президент.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ҚҚС шегі мен салық мөлшерлемесі анықталғаны хабарланды. Бұл мәселеде Үкімет пен депутаттар ортақ келісімге келген. Бұл туралы вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Серік Жұманғариннің сөзінше, ҚҚС 16 пайызға тең болады (қазір 12 пайыз - еск.). ҚҚС бойынша шек 40 миллион теңге мөлшерінде белгіленеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget