Мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Саида Мирзиёеваның сапары Астана мен Ташкенттің стратегиялық серіктестігін ілгерілету тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
"Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынтымақтастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әрдайым қолдаймын. Бір-бірімізбен байланыстарымыз артқан сайын Орталық Азиядағы тұрақтылық, өңірлік ықпалдастық нығая түседі. Өйткені Қазақстан да, Өзбекстан да тұтас көрсеткіштер бойынша ірі мемлекеттер саналады. Елдеріміз қазір дамудың бетбұрыс кезеңінде тұр. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз", – деді Президент.
Мемлекет басшысы 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанына тоқталды.
"Мен Бұхараға жасаған жұмыс сапарымды ризашылықпен еске аламын. Біз Өзбекстанның көптеген салада, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бағытында қол жеткізген табыстарымен танысуға мүмкіндік алдық. Әлем жасанды интеллектіні қарқынды түрде дамытуға бет бұрды. Осы орайда біз де қазіргі заман ағымына ілесе білуіміз керек", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке жылы лебізін жолдады.
Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы
Саида Мирзиёева кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
"Сізге Өзбекстан президентінің ізгі сәлемін жеткізуді зор мәртебе санаймын. Шавкат Миромонович Қазақстанмен көпжоспарлы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше мән береді. Сонымен қатар жоғары деңгейдегі уағдаластықтар мен бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын айрықша бақылауда ұстайды. Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық және орнықты даму жолында бірге жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесі байқалады. Біз бірлесе отырып, аймақ үнін жаһандық аренаға жеткізе аламыз. Өзбекстан бүгінде бауырлас Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерді құптайды. Қазақстан – сенімді одақтасымыз. Бұл жайында ұдайы айтып келеміз", – деді Өзбекстан президенті Әкімшілігінің басшысы.
Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы
Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестігін одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанда қолға алынған жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасу өтті.
Мән-жай
Еске салайық, былтыр күзде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барған болатын. Мемлекет басшылары келіссөздер жүргізіп, Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты, сондай-ақ құны 1,2 миллиард доллар болатын жеті бірлескен жобаны іске қосты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz