Мемлекет басшысы өзінің жеделхатында Рим Папасы XVI Бенедикттің өмірден озғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алғанын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
"Католик шіркеуінің бұрынғы көшбасшысын әлемге танымал рухани қайраткер, бейбітшілік пен өзара түсіністікті, гуманизм идеяларын ілгерілету жолында қажырлы еңбек сіңірген ұлы тұлға деп білеміз. Адамзат баласына аманат етілген құндылықтарды қорғауға айтарлықтай үлес қосқан Аса Қасиетті XVI Бенедикттің жарқын бейнесі әлем жұртшылығының жадында мәңгі сақталады. Қаралы сәтте қайғыларыңызға ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан күллі католик қауымына көңіл айтамын", - деп жазылған жеделхатта.
Еске салайық, бұрынғы Рим Папасы XVI Бенедикт қайтыс болды. Бұл туралы Қасиетті Тақтың баспасөз қызметінің жетекшісі Маттео Бруни мәлімдеген болатын.
Папа 95 жаста еді. Өмірінің соңғы жылдарында ол Ватикан бақтарында Mater Ecclesiae-тің шағын монастырінде тұрды.
XVI Бенедикт(Жозеф Ратцингер, Мюнхеннің бұрынғы архиепископы) 2013 жылғы 11 ақпанда тақтан бас тартқанын мәлімдеді. Оған денсаулығының нашар бол бастағаны мен жасының ұлғайғаны себеп болған.
XVI Бенедикттің тақтан бас тартуы Ватикандағы бірнеше ғасырдағы бірінші оқиға. 1415 жылы Констанс Кеңесі Рим Папасы XII Григорийдің отставкасын қабылдады, ал бұрын өз еркімен тақтан бас тартқан жалғыз папа V Целестин болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!