Тоқаев республикалық референдумда дауыс берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумда дауыс берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасы бойынша өткен республикалық референдумға қатысып, Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді.

 

Президент дауыс берген соң отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін еліміздің дамуы мен келешегі үшін ерекше маңызды күн екенін атап өтті.

"Бүгін - еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Баршаңызға құтты болсын! Шын мәнінде, бұл - тарихи құжат. Ол азаматтарымыздың құқығы мен бостандығына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 35 жыл осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата заң ел игілігіне, келешегіне қызмет етеді деп сенемін", - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Президент конституциялық реформаның негізгі мақсаты мен міндеттеріне, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіне қатысты бірқатар сауалға жауап берді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!