Мемлекет басшысы Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконы қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігін дамытуда өңіраралық ықпалдастық маңызды рөл атқаратыны айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ленинград облысының өнеркәсіп және көлік-логистика салаларындағы айтарлықтай әлеуетіне тоқталып, Қазақстан осы аймақпен тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін растады.
Президенттің айтуынша, Ленинград облысымен сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 400 миллион доллардан асқан.
Александр Дрозденко қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Ресей президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізді. Губернатор Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинград үшін шайқасқан қазақстандықтардың батырлығы мен қаһармандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, олардың ерлігі туралы естеліктер көздің қарашығындай сақталатынына назар аударды.
Әңгімелесу барысында өнеркәсіп, атом энергетикасы, көлік және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері талқыланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!