Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруымен сенбіде, 25 шілдеде Омбы қаласына барады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Владимир Путиннің шақыруымен 25 шілдеде ХХІІ Қазақстан - Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбы қаласына сапармен барады", - делінген хабарламада.
Іс-шара аясында мемлекеттер басшыларының кездесуі жоспарланған.
24.kz мәліметінше, Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастық форумы Омбыда 24 шілдеде ашылды. Биылғы форумның негізгі күн тәртібі - логистика.
Атап айтқанда, су жолдарын дамыту жобалары - Ертіс өзені арқылы Ресей - Қазақстан - Қытай бағыты бойынша халықаралық көлік дәлізін құру перспективалары талқыланып жатыр. Сондай-ақ, қатысушылар трансшекаралық өзенді сақтау бойынша экологиялық серіктестік мәселелерін қарастырып жатыр.
Сондай-ақ, өнеркәсіптік кооперация да басты назарда. Сөз кәсіпорындар арасындағы тікелей байланыстарды, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру туралы болып отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз