Тоқаев Путинге көңіл айтты

Фото: Видео кадры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Амур облысындағы ұшақ апатына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айтты", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 24 шілдеде Ресейдің Амур облысында Хабаровск – Благовещенск – Тында бағыты бойынша ұшқан Ан-24 жолаушылар ұшағы радарлардан жоғалып кеткені белгел болды.

Ресей ТЖМ мәліметінше, ұшақ Тында қаласы әуежайынан бірнеше шақырым жерде радарлардан жоғалған.

Амур облысы губернаторының мәліметінше, "Ангара" әуекомпаниясына тиесілі ұшақ бортында 43 жолаушы (соның ішінде 5 бала) және 6 экипаж мүшесі болған. Оқиға орнына құтқарушылардың тікұшағы жіберіліп, ұшақтың жанып жатқан фюзеляжы табылған.

РБК деректеріне сүйенсек, ұшақ сынықтары Тындадан 16 шақырым жердегі тау баурайынан табылған. Mash басылымының жазуынша, іздеу тікұшағы маңайды қоршаған қалың орман салдарынан қона алмаған. Зардап шеккендерді іздеу үшін жаяу іздестіру-құтқару тобы жіберілген.

РИА Новости мәліметінше, Ан-24 ұшағы құлаған жерді әуеден шолу кезінде тірі қалғандар анықталмаған. Алайда, Амур облысының Азаматтық қорғау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығының ақпараты бойынша, жерүсті тексерісі кезінде аман қалғандар табылуы мүмкін.

Сонымен қатар, Mash басылымы апатқа ұшыраған Ан-24 ұшағының соңғы кадрлары болуы мүмкін бейнежазбаларды жариялады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Шәріпхан
Logotype Massaget