Тоқаев пен Трамп Израиль премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті

Тоқаев пен Трамп Израиль премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды. Мемлекет басшысы президент Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды.

Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады. Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді осы бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті.

"Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр", – деді Дональд Трамп.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget