Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Финляндия Республикасының президенті Александр Стубб бірлескен мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құжатта тараптардың ортақ ұстанымдары мен бүгінгі келіссөз барысында айтылған бастамалары көрініс тапқан. Тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы достыққа, өзара құрмет пен табысты ынтымақтастыққа негізделген 33 жылдан аса уақыттағы дипломатиялық қатынастарды атап өтіп, Қазақстан-Финляндия әріптестігін одан әрі нығайтуға және әртараптандыруға берік бейілділігін растаған.
"Президенттер екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі ауқымды мәселелері, жаһандық және өңірлік оқиғалар бойынша мазмұнды пікір алмасты. Олар тұрақты байланыстарды қолдап отырудың маңыздылығын атап өтті және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға уағдаласты", - деп жазылған хабарламада.
Президенттер шағын және орта кәсіпорындарды қолдауға ерекше мән бере отырып, экономика, сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және бизнес жүргізудің орнықты тәсілдерін ілгерілетуге уағдаласқан.
"Олар энергетика, энергия тиімділігі, экологиялық технологиялар, су ресурстарын және орман шаруашылығын басқару, құрылыс, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инфрақұрылым, көлік және логистика, инженерия және озық өнеркәсіп инновациялары сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастықты нығайту ниетін білдірді. Тараптар цифрлық даму және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, Александр Стуббтың елімізге ресми сапары аясында 15 құжатқа қол қойылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова