- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев пен Си...
Тоқаев пен Си Цзиньпин не туралы сөйлескені белгілі болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
"Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды", - деді Мемлекет басшысы.
Ақорданың баспасөз қызметі
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады.
"Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа "алтын 30 жылдығына" қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет", - деді ҚХР Төрағасы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек