Қазақстан мен Ресей президенттері бірлескен мәлімдеме қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен президент Владимир Путин жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Бірлескен мәлімдеме мәтіні:
"Бүгінде әлем күрделі әрі қарқынды өзгерістерді бастан өткеріп отыр. Халықаралық қатынастар жүйесі ауыр сын-қатерлер мен қауіптерге тап болды, жаһандық тұрақсыздық пен сенім дағдарысы белең алып, қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз етудің қалыптасқан тәсілдері қайта қаралып жатыр.
Қазақстан мен Ресей орнықты дамуға жол ашатын әрі халықаралық ахуалды тұрақтандырып, түбегейлі сауықтыра алатын неғұрлым әділетті әлемдік тәртіпті қалыптастырудың баламасы жоқ екеніне сенімді.
Осындай кезеңде өзара құрметке, тату көршілікке, ұлттық мүдделерді ескеруге және тең құқылы әріптестікке сүйенген мемлекетаралық ықпалдастықтың берік әрі уақыт сынынан өткен негіздері айрықша маңызға ие.
Елдеріміз арасындағы байланыс дәл осы қағидаттарға негізделген тығыз тарихи тамырластыққа, өзара қолдауға және екіжақты тиімді ынтымақтастыққа сүйенеді. Осыған орай Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршілік қатынастардың мынадай негіздерін нығайтуға күш-жігер жұмсалады.
Бірінші негіз – тарихи тамырластық және оны достық пен тату көршілік рухында объективті пайымдауға жауапкершілікпен қарау.
Қазіргі дәуірде тарихи жадыға жауапкершілікпен қараудың, оны объективті пайымдаудың, сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықты, тату көршілік қатынасты нығайту үшін пайдаланудың маңызы артып келеді.
Екі елдің тарихы өзара тығыз байланыста өрбіді. Халықтарымыз әртүрлі кезеңдерді бірге өткерді, ауыр сынақтарды еңсеріп, елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бұл тарихи тәжірибе өзара құрмет пен тату көршілік байланыстардың маңызды бөлігіне айналып, адамның ғарышқа алғашқы ұшуы сияқты ұлы жетістіктерде көрініс тапты. Осыдан тура 65 жыл бұрын Юрий Гагарин "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарышқа сапар шекті.
Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ұлттық мемлекеттілігін қалыптастырудың бірегей жолын мойындаймыз.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс ортақ жадымызда ерекше орын алады. Халықтарымыз нацизмге қарсы иық тіресе шайқасты, майданда ерлік көрсетіп, тылда жанқиярлықпен еңбек етті, өмір сүру, бостандық және адам қадір-қасиетін аяққа таптатпау үшін күресіп, құқықтарын қорғады.
Біз майданда қаза тапқандардың алдында басымызды иеміз, ардагерлерге және ортақ Жеңіске үлес қосқан барлық жандарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы кеңес халқының тартқан тақсіретін есте сақтау және мәңгі ұмытпау – парызымыз. Осы оқиғалар туралы естеліктерді аялап сақтап, оған жауапкершілікпен қарау керек. Оны бұрмалауға немесе конъюнктуралық мақсатта пайдалануға жол бермей, ұстанымдарды жақындататын факторға айналдыру қажет.
Өткен тарихты, әсіресе, оның қасіретті беттерін объективті, байыпты әрі сындарлы көзқараспен пайымдау ғана халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, жікке бөлінудің алдын алуға қызмет ете алады.
Халықаралық қоғамдастықты тарихи шындықты сақтауға, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы нацизмге, фашизмге және милитаризмге қарсы ортақ күресті дәріптеуге, оның қорытындыларына берілген адамгершілік және құқықтық бағаларды қайта қарау әрекеттеріне қарсы тұруға, жалпы адамзатқа қасірет әкелген тарихтың ащы сабағын ұмытпауға шақырамыз.
Біз болашақ ұрпаққа ортақ тарихымызға адал әрі құрметпен қарауды аманаттап қалдыруға міндеттіміз.
Екінші негіз – еуразиялық интеграцияны дамытуға, өңірде ынтымақтастық, қауіпсіздік және диалог кеңістігін қалыптастыруға күш-жігер жұмылдыру.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) маңызды диалог алаңы және кең ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастықтың тиімді тетігі ретінде қарастырамыз. ТМД-ның Еуразиядағы өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі елеулі рөлін атап өтеміз. Осы форматтағы үйлесімді сыртқы саясатты тереңдетуге мүдделіміз. Ұйымның сыртқы байланыстарын бірлесе кеңейтуге ниеттіміз.
Қазақстан мен Ресей Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) негізгі тірегі саналатын еуразиялық экономикалық интеграцияның өзегін қалыптастырады. Бірлестіктің беделі артып келе жатқанын растаймыз және оның тиімді жұмыс істеуі азаматтардың әл-ауқатына айтарлықтай оң ықпал ететінін мойындаймыз. ЕАЭО-ның интеграциялық мүмкіндіктерін толық іске асыру және ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі міндеттерді бірге шешу арқылы ортақ нарықтардың және тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын дамыту бойынша жұмысты жалғастыру маңызды деп санаймыз. Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалығы ұйымға оң серпін береді деп сенеміз.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі негізгі рөлін мойындаймыз және Ресей Федерациясының қазіргі төрағалығы шеңберінде де ҰҚШҰ әлеуетін одан әрі жетілдіруге бағытталған ұстанымды атап өтеміз.
Халықтарымыздың игілігі үшін Ұйымның дағдарыстарға ден қою тетіктерін жетілдіруге, оның Ұжымдық күштердің жауынгерлік даярлығын шыңдауға, сыртқы саяси үйлестіруді тереңдетуге, қауіпсіздікке төнген ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресті күшейтуге бірлесіп атсалысуға дайынбыз.
Үшінші негіз ортақ шекара тату көршілік пен ынтымақтастық кеңістігі ретінде
Елдерімізді әлемдегі ең ұзақ және үздіксіз жалғасқан құрлық шекарасы біріктіреді. Оның маңызы географиялық шеңберден әлдеқайда жоғары. Ол тұрақтылықтың, өзара экономикалық байланыстардың, өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетудің факторы ретінде қызмет етеді. Шекара маңындағы процестердің қарқыны өмір талабына негізделген және шекара маңындағы елді мекендерде тұратын халықтың мұқтаждықтарына мұқият қарау, тарихи тұрғыдан қалыптасқан сан қырлы байланыстарды сақтау және нығайту, тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдай жасау әрі көші-қон саласындағы сындарлы ықпалдастықты сақтау ниетіне сай айқындалуға тиіс.
Шекара маңындағы ынтымақтастық сауда-саттық, көлік, кәсіпкерлік, білім беру салаларының және мәдени алмасулардың жандануына ықпал етеді, өңірлер арасындағы байланыстарды нығайтады және қосымша өсім мүмкіндіктеріне жол ашады. Қазақстан мен Ресей арасындағы мызғымас шекара алдағы уақытта да сенімнің, тату көршілік қатынастардың және ортақ игіліктің шекарасы болып қала беруге тиіс.
Еуразия кеңістігіндегі ортақ өзара байланысты нығайту мақсатында Қазақстан мен Ресейдің экономикалық әлеуетін біріктіруді құптаймыз. Бұл біздің құрлықтағы барлық елдің және бірлестіктердің әл-ауқаты мен өркендеуіне негіз болады.
Өңіраралық кооперацияны тереңдетуге бағытталған "Трансалтай диалогы" және "Біздің ортақ үйіміз – Алтай" халықаралық үйлестіру кеңесі сияқты бастамалар шеңберіндегі өзара іс-қимылды жалғастырамыз.
Шекара маңындағы аумақтардың экологиялық жағдайы үшін ортақ жауапкершілік жүктеу – парызымыз. Яғни экожүйелерді сақтау, өнеркәсіптің табиғатты ластауына жол бермеу, биоалуантүрлілікті қорғау және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау бірлескен күш-жігерді қажет етеді.
Трансшекаралық су объектілері мәселесі де маңызды. Ортақ өзендерді пайдалану және оның ресурстарын ұтымды басқару, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту, бірлескен мониторинг, ғылыми ынтымақтастық, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, бірлескен шаруашылық қызметін жүргізу, көлік байланысын жақсарту және туристік секторды кеңейту орнықты дамудың кепілі болады.
Каспий өңіріндегі мәселелерге қатысты іс-қимылды үйлестіру айрықша маңызға ие. Каспий – бірегей табиғи жүйе. Сондықтан Каспий маңындағы мемлекеттер келісіп әрекет етуі қажет. Осы ретте сан салалы экологиялық проблемалар салдарынан, соның ішінде Каспий теңізінің тартыла бастауынан туындаған әлеуметтік-экономикалық түйткілдерді барынша азайтатын ұжымдық шаралардың өзектілігі жоғары.
Төртінші негіз – экономикалық серіктестік
Экономикалық кооперация Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастарының негізгі тіректерінің бірі. Лайым солай болады. Көп жағдайда елдеріміздің экономикалары бірін-бірі толықтырады, бұл ұзақмерзімді әрі орнықты дамудың берік негізін қалайды.
Екіжақты сауда белсенді дамып келеді, көлік-логистика бағыттары кеңейіп, өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық тереңдеуде, бірлескен инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мыңдаған кәсіпорын өндіріс тізбектерін қалыптастыруға, жұмыс орындарын ашуға және заманауи технологияларды енгізуге үлес қосып жатыр.
Бұл жерде шағын және орта бизнестің атқаратын рөлі ерекше, ол екіжақты байланыстарды әртараптандыруға, жаңа нарықтарды игеруге, инновациялар мен цифрлық шешімдерді ілгерілетуге ықпал ететін болады.
Инвестициялық өзара іс-қимыл өнеркәсіпті жаңғыртуға, инфрақұрылым, энергетика, көлік және жоғары технология салаларын дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Дүрбелеңге толы дүниеде осы өңірлік экономикалық серіктестік орнықтылық пен прогрестің маңызды факторына айналып отыр.
Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік байланысын нығайту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастырамыз. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттерін жаңғырту бойынша кешенді қадамдар қабылданады, бұл жүк тасымалын жеделдетуге жәрдемдеседі.
Елдеріміздің аумағы арқылы өтетін негізгі логистикалық жолдың бірі – "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін дамыту ісі жалғасады.
"Ресей – Қазақстан – Қытай" бағыты бойынша теміржол тасымалының тиімділігін арттыруға да басымдық беріледі.
Қаспий құбыр консорциумы сияқты бұрыннан қалыптасқан дәліздерді қоса алғанда, энергетикалық ресурстардың логистикасына ерекше назар аударамыз.
Қаржы саласындағы серіктестікке, соның ішінде ұлттық валюталармен өзара есеп айырысу көлемін ұлғайтуға және орнықты төлем-есеп айырысу тетіктерін дамытуға мән береміз.
Біржақты экономикалық санкциялардың теріс салдарын жұмсарту және ретке келтіру жөніндегі іс-қимылды одан әрі үйлестіруге ниеттіміз.
Күшейіп келе жатқан геосаяси сын-қатерлер мен сыртқы қысым жағдайында еуразиялық интеграциялық процестердің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін күш-жігер жұмылдыруға дайынбыз.
Біз шаруашылық байланыстарды тек ұлттық экономикалардың өсім құралы ретінде ғана емес, сенімнің, тұрақтылықтың және бір-біріміздің әл-ауқатымызға өзара мүдделіліктің аса маңызды негізі ретінде де қарастырамыз.
Бесінші негіз – тілдік және мәдени әралуандылық ортақ игілік ретінде, дәстүрлі құндылықтар мен өркениеттер жақындығы
Елдеріміздің ортақ мәдени мұрасын сақтауға, гуманитарлық алмасулар мен бірлескен жобаларды іске асырудың жоғары қарқынын қолдауға ерекше мән береміз.
Өркениеттер әралуандылығын қолдай отырып, бір-біріміздің мәдени-тарихи бірегейлік пен дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтауға бағытталған әрекеттерімізді қолдаймыз. Өз құндылықтарымызды, модельдерімізді таңуға және идеологиялық текетіреске жол бермей, мәдени дербестікті табанды түрде қорғауды жалғастырамыз.
Көптілділік маңызды артықшылық саналады әрі тарихи тұрғыда мәдениеттер бірін бірі байытқанын көрсетеді. Ол қарым-қатынас жасау, білім алу, кәсіби тұрғыдан кемелдену және гуманитарлық ықпалдастық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Орыс тілі көптеген елдің, соның ішінде Қазақстанның қоғамдық, ғылыми-білім беру және мәдени өмірінде маңызды орын алады. Сондай-ақ, коммуникацияға пайдаланатын әрі әдебиеттің, ғылым мен өнердің бай мұрасына қолжетімділікті қамтамасыз ететін маңызды құрал болып қала береді.
Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымның құрылуын құптаймыз. Тараптар оның қызметіне жәрдемдесетін болады және барлық мүдделі мемлекетті осыған шақырады.
Осы орайда Қазақстан үшін қазақ тілін мәдени болмыс-бітімін сақтауда және қоғам бірлігін нығайтуда атқаратын рөлін ескере отырып, мемлекеттік тіл ретінде дәйекті түрде дамытудың маңызы зор.
Ресейдің білім беру ұйымдарында қазақ тілін оқыту кеңейіп келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтеміз, бұл Ресейдегі қазақ диаспорасы үшін қосымша қолайлы жағдай жасайды.
Оны оқып-үйрену ұзақмерзімді перспективада өзара түсіністікті тереңдетуге және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенімдіміз.
Біз зиялы қауым өкілдерінің, педагогтардың, ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің және халықтарымыздың тілдері мен мәдениеттерін сақтауға әрі дамытуға ықпал етіп жүрген барша жанның үлесін жоғары бағалаймыз.
Қазіргі цифрлық дәуірде тілдің маңызы кемімейді, керісінше арта түседі. Тілдік әралуандылықты қолдау, тілдік мұраны цифрландыру, ұлт тіліне құрметпен қарау және басқа тілдерді үйрену ниеті бір-біріне қарсы қойылмай, керісінше бірін бірі өзара толықтыра түсуге тиіс.
Көптілділік қоғамның кемелдігінің, ашықтығының нышаны және қазіргі әлемде бәсекелестік артықшылық саналатынына сенімдіміз.
Қазақстан мен Ресей халықтарын отбасыға, аға буынға, еңбекке, жауапкершілікке, өзара қолдауға және ата-баба аманатына деген құрмет біріктіреді. Бұл құндылықтар ғасырлар бойы біздің қоғамдарымыздың адамгершілік тірегі болып келді. Оған адал болу заман жедел өзгеріп жатқан кезде ішкі орнықтылықты, адами қадір-қасиетті және адамгершілік бағдарды сақтауға көмектеседі.
Мәдениет, өнер, діни әралуандылық, халықтық дәстүрлер диалог, өзара құрмет және рухани кемелдену кеңістігін қалыптастырады.
Халықтарымыздың дүниетаным тұрғысынан бір-біріне жақындығының мәні – осыда.
Алтыншы негіз – жастар, білім беру және спорт саласындағы ынтымақтастық
Қазақстан-Ресей қатынастарының болашағы көбіне жас ұрпаққа тәуелді. Олардың алдында сабақтастықты қамтамасыз ету, қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау және екіжақты ықпалдастықты жаңа мазмұнмен толықтыру міндеті тұр.
Академиялық алмасулар, бірлескен білім беру бағдарламалары, студенттік және ғылыми бастамалар, жоғары оқу орындары филиалдарының қызметі, екі ел аумағында Қазақстан-Ресей мектептерін ашу, олимпиадалар өткізу, сондай-ақ білім беру және ғылыми орталықтар арасындағы тікелей байланыстарды дамыту гуманитарлық әріптестіктің берік негізін қалыптастырады.
Қазақстандық жоғары оқу орындарын таңдайтын ресейлік талапкерлердің, ресейлік жоғары оқу орындарында оқығысы келетін қазақстандық талапкерлердің саны уақыт өткен сайын артып келе жатқанын ерекше атап өтеміз. Бұл кәсіби және адами байланыстарға ынталандырып, алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастықтың маңызды ресурсына айналады.
Жастар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге, академиялық ұтқырлықты қолдауға, бірлескен зерттеулер мен инновациялық жобаларды іске асыруға басымдық береміз. Білім мен ғылымға салынған инвестициялар, бұл – технологиялық прогреске және мемлекеттеріміздің әл-ауқатына қосылған үлес.
Саламатты өмір салтын ілгерілету мақсатында дене шынықтыру мен спортты дамыту саласындағы өзара іс-қимылды құптаймыз. Елдерімізде ірі халықаралық спорттық іс-шараларды өткізуге ықпал ететін боламыз.
Жетінші негіз – болашаққа ортақ көзқарас
Мемлекеттеріміздің алдында технология, экологиялық қауіпсіздік, экономикалық орнықтылық, әлеуметтік әділдік және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру салаларын қамтамасыз ету секілді ортақ міндеттер тұр. Бұл сын-қатерлерге тиімді жауап беру тұрақты диалог пен бірлескен жұмыс арқылы ғана мүмкін болады.
Біз Қазақстан-Ресей қатынастарының болашағын елдеріміз тең құқықты серіктестер, стратегиялық одақтастар және тату көршілер ретінде әрекет ететін орнықты әрі өзара тиімді даму кеңістігі ретінде көреміз.
Осы ықпалдастық аясында негізгі шешімдер өзара құрмет, сенім және бір-бірінің мүдделерін ескеру тұрғысынан қабылданады, ал туындаған кез келген келіспеушіліктер сындарлы және ашық диалог рухында шешіледі.
Осы жеті негізді дәйекті түрде бекемдей отырып, біз сенім мен тұрақтылықты нығайтамыз, халықтарымыздың лайықты болашағы үшін мүмкіндіктерді кеңейтеміз.
Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихқа әрі жасампаздыққа ұмтылуға арқа сүйейтін достығы және тату көршілігі келешекте мемлекетаралық қатынастарымыздың сенімді іргетасы болатынына сенімдіміз".
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!