Тоқаев пен Кипр президенті не туралы сөйлесті?

Қазақстан және Кипр президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2019 жылы сыртқы істер министрі лауазымын атқарып жүргеніңізде елімізге келіп, Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді досы әрі қолдаушысы ретінде әрекет ететініңізді мәлімдеген едіңіз. Бүгінде біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттеріміздің астаналарында елшіліктерімізді аштық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды, басқа да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Дегенмен екіжақты ықпалдастықты кеңейту үшін әлеуетіміз жеткілікті деп ойлаймын. Өз тарапымнан көптеген бағытта ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға күш салуға дайынмын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Никос Христодулидис Қазақстанға Кипрден тікелей қатынайтын алғашқы рейс арқылы іскерлік делегация өкілдерімен бірге ұшып келгеніне өте қуанышты екенін жеткізді.

"Елдеріміздің әлеуеті мол. Бүгінгі келіссөздер өзара ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сондай-ақ, Қазақстанға басқа лауазымда келіп отырмын. Қазір еліміз Еуропа Одағы кеңесіне төрағалық етіп жатыр. Бұл өңірдің маңызын және Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты одан әрі ілгерілету жолдарын талқылауға әзірмін", - деді Никос Христодулидис.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!