Тоқаев пен Ердоғанға екі ел бірлесе іске асырып жатқан жобалар туралы мәлімет берілді

Тоқаев пен Ердоғанға екі ел бірлесе іске асырып жатқан жобалар туралы мәлімет берілді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанға екі ел бірлесе іске асырып жатқан бірқатар инвестициялық жоба туралы мәлімет берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Абай облысында Miryıldız компаниясы кен байыту комбинатын салуға ниетті. İskefe Holding Алматы қаласында желатин шығаруды жоспарлап отыр. Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи өндірісті қолға алды. S Sistem Lojistik компаниясы "Қазпошта" акционерлік қоғамымен бірлесіп, Ақтөбе халықаралық әуежайы аумағында логистика орталығын салып жатыр.

Tiryaki Holding Астанада бидай мен асбұршақты терең өңдейтін зауыт құрылысына кірісті. Бұл жобалар аясында елімізге 920 миллион доллардан аса инвестиция тартылып, 3100-ден аса жұмыс орны ашылмақ.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мемлекеттер басшыларына бүгінде түрік компанияларының қатысуымен ел экономикасының түрлі секторында 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын баяндады. Олардың жалпы сомасы 4 миллиард доллар шамасында.

Қазір құны 4 миллиард доллар болатын тағы 50 бірлескен жобаға қатысты жұмыс жалғасып жатыр. Бұл Қазақстан мен Түркияның инвестициялық ықпалдастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget