Тоқаев пен Димаш әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның тізіміне енді

Тоқаев пен Димаш әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның тізіміне енді
Фото: Akorda.kz. Мұрағат сурет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен әнші Димаш Құдайберген әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның 2027 жылға арналған тізіміне енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

The Muslim 500 деп аталатын халықаралық рейтингті Иордания астанасы Амманда орналасқан Корольдік ислам стратегиялық зерттеулер орталығы жариялады.

Тізімде Қасым-Жомарт Тоқаев "Саясат" санатына енсе, Димаш Құдайберген "Өнер және мәдениет" бағыты бойынша аталған.

Рейтингке тек діни қайраткерлер емес, саясаткерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, спортшылар мен өнер өкілдері де енгізілген. Алғашқы 50 адамның орны нақты белгіленсе, қалған қатысушылар қызмет саласына қарай топтастырылған.

Рейтингте кімдер көш бастады?

Биыл рейтингтің алғашқы орнын бес тұлға бөліскен. Олардың қатарында Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдулазиз, тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салман, Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф, фельдмаршал Асим Мунир және Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған бар.

Төртінші орынға Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи жайғасса, бесінші орын Иордания королі Абдалла II-ге бұйырған.

Орталық Азия елдерінің өкілдері арасында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ең жоғары орынға тұрақтады. Ол 40-орынға жайғасып, алғаш рет рейтингтің үздік 50 тұлғасының қатарына енді.

Тізімнен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты да көруге болады. Ал танымал спортшы Хабиб Нурмагомедов арнайы құрмет белгісіне ие болған.

Айта кетейік, әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның тізімі 2009 жылдан бері жыл сайын жарияланып келеді.

Рейтингті құрастырушылар адамды іріктегенде оның мұсылман қауымына, қоғамдық өмірге, саясат пен мәдениетке ықпал ету деңгейін ескереді.

Жалпы тізім 13 бағыттан тұрады. Олардың қатарында саясат, дін, бизнес, қайырымдылық, ғылым, бұқаралық ақпарат құралдары, өнер және спорт бар.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget